Атбасар түрмесіндегі азаптау ісінде жәбірленуші деп танылған азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев колонияның бұрынғы қызметкерлерін ақтаған сот үкіміне наразы болып абақтыда аштық жариялады.
Қазір қамау мекемесінде отырған Дәнебаевтың видеоүндеуі 13 ақпанда Qaharman құқық қорғау қорының парақшасында жарияланды.
"Сотталушыларды ақтағанына таң қалдық. 12 адам ғана сотқа тартылды, олардың саны 25 болуы керек еді… Біз үкімге келіспейміз. Аштық жариялаймыз", – деді Дәнебаев видеода.
Оның қасында тұрған екі адам видеода Дәнебаевтың сөзін қолдайтынын айтты. "Ақмола облысының ауданаралық соты шығарған үкімге толық келіспейміз", – деді біреуі.
Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметі Азаттық Азияға видеода көрінген адамдардың аштық жариялағанын растады.
"Сотталған азаматтар сот шешіміне келіспей, мекеме әкімшілігіне тамақ ішпейтінін хабарлады. Медицина қызметкерлері оларды бақылап отыр. Видео бойынша қызметтік тексеру тағайындалды", – деп жауап берді ҚАЖК баспасөз қызметі.
12 ақпанда Көкшетаудағы Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атбасар түрмесіндегі азаптау ісі бойынша процесс аяқталды. Атбасар түрмесінде жазасын өтеп жатқан 41 адамды (арасында Тимур Дәнебаев те бар) азаптады деп айыпталған 12 түрме қызметкері түгелдей ақталды.
Үкімге дейін қамауда болған үш қызметкер сот залынан босатылды. Бұл істі қараған алқабилер қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы болмауына байланысты айыпталушылардың кінәсі жоқ деп ұйғарым жасаған.
Қазақстандағы адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық бюро абақтыдағы азаптау ісі бойынша ақтау үкімін "жаман белгі" деп атады.
"Биыл қаңтарда Қазақстан БҰҰ кеңесінде азаптау жөнінде есеп берді, онда Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау фактілері мен барлық жағдайды бейтарап тергеу туралы айтылды. Өте өкінішті. Демек, қаңтарда біз әдемі есеп бердік. Ал мұнда [ақтау үкімі], азаптау болғаны, өкілетін асыра пайдаланғаны көрініп тұр. Адамдарды, соның ішінде Дәнебаевты да азаптады. Мемлекет қателер бойынша жұмыс жүргізген жоқ. Судьялар бұл шешім үшін жауап беруі керек. Бұл туралы азаптауға қарсы комитетке хабарлама дайындаймыз және адам құқығы жөніндегі комитетте айтамыз. Жазасыз қалдыру жаңа қылмыстарға себеп болады", – деді бюро директорының орынбасары, Қазақстанның азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдары коалициясының үйлестірушісі Роза Ақылбекова.
Ол Қазақстан БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесі алдындағы әрбір есептен кейін көп ұсыныс алады, бірақ мемлекет оларды таңдап қана орындайды деп айтты.
2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы колонияда жазасын өтеп жатқан Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тараған. Бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне "Азаптау" бабы бойынша айып тағылып, 2024 жылғы шілдеде сот процесі басталған.
Жарыссөз кезінде прокурор айыпталған 12 қызметкердің біреуіне – 7 жыл, қалғандарына 6 жыл түрме жазасын сұраған. Прокурордың бұл сөзіне жәбірленушілердің бәрі келіскен.
Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.
Тимур Дәнебаев әлеуметтік желіде 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынаған. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты "Алматыға 20 мың бандит шабуылдады" деген сөзі үшін сотқа бермек болған.
Кейін оған әлеуметтік желіде "ұлт араздығын қоздырды" деген айып тағылды. Бұған Өскемен қаласы тұрғынының арызы себеп болған. Сот Дәнебаев Ресейдің Украинамен соғысы тақырыбын сөз еткенде ұлт араздығын қоздыратын сөз айтқан деген ұйғарым жасады. 2023 жылы сот оны үш жылға соттаған.
Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім күшінде қалған.
ПІКІРЛЕР