12 ақпанда Көкшетаудағы Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атбасар түрмесіндегі азаптау ісі бойынша процесс аяқталды.
Атбасар түрмесіндегі 41 сотталушы, оның ішінде белсенді Тимур Дәнебаевты азаптады деп айыпталған түрмедегі 12 қызметкердің бәрі ақталды. Үкімге дейін қамауда болған үш қызметкер сот залынан босатылды. Судьяның үкімін естіген олар қол шапалақтап, қуанышын жасыра алмай, кейбірі көзіне жас алды.
Бұл істі алқабилер қарады. Судьяның түсіндіруінше, алқабилерге "оқиғаның болғаны дәлелденді ме?", "бұл әрекетті айыпталушылар істеді ме?" және "айыпталушылар кінәлі ме?" деген үш сұрақ қойылған. Алқабилер кеңесу бөлмесінде қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы болмауына байланысты айыпталушыларды кінәсіз деп ұйғарым жасаған. "Сондықтан алқабилер үкімі негізінде айыпталушылар ақталды", – деді судья.
Үкім әлі күшіне енген жоқ, 15 күн ішінде прокуратура мен жәбірленушілер апелляциялық шағым түсіруге хақы бар.
2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы колонияда отырған Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тараған. Бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне айып тағылып, сот процесі 2024 жылғы шілдеде басталған.
2024 жылғы қарашада Дәнебаев сотта куәлік беріп, түрме қызметкерлері оны қатты ұрып-соққаны соншалық, есінен танып қалғанын айтқан. Дәнебаевтың сөзінше, оны әжетханадағы еденді жууға мәжбүрлеген, бас тартқаннан кейін қатты соққыға жыққан. Оның айтуынша, оны әжетхананы жууға мәжбүрлеп, басын унитазға тыққан.
Жарыссөз кезінде прокурор айыпталған 12 қызметкердің біреуіне – 7 жыл, қалғандарына 6 жыл түрме жазасын сұраған. Прокурордың бұл сөзіне жәбірленушілердің бәрі келіскен.
Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.
Тимур Дәнебаев әлеуметтік желіде 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынаған. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты "Алматыға 20 мың бандит шабуылдады" деген сөзі үшін сотқа бермек болған.
Кейін оған әлеуметтік желіде "ұлт араздығын қоздырды" деген айып тағылды. Бұған Өскемен қаласы тұрғынының арызы себеп болған. Сот Дәнебаев Ресейдің Украинамен соғысы тақырыбын сөз еткенде ұлт араздығын қоздыратын сөз айтқан деген ұйғарым жасады. 2023 жылы сот оны үш жылға соттаған.
Құқық қорғау ұйымдары саяси сипаты болғандықтан, Қылмыстық кодекстен 174-бапты ("Ұлт араздығын қоздыру") алып тастауды талап етіп келеді. Халықаралық Open Dialog қорының мәлімдеуінше, "көп фактіге сәйкес, қылмыстық істі тергеу мен сот біржақты және айыптау сарынында өткен".
Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім күшінде қалған.
ПІКІРЛЕР