13 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесшісі Болат Ақшолақовты қызметінен босатып, орнына Мағзұм Мырзағалиевті тағайындады. Мырзағалиев бұл қызметте 2022 жылы бірнеше ай істеген.
Ол 2022 жылғы сәуірден 2024 жылғы мамырға дейін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы, директорлар кеңесінің мүшесі болған. 2021-2022 жылдары энергетика министрлігін, 2019-2021 жылдары экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін басқарды.
2024 жылы мамырда Маңғыстау облысында бүкіл күштік құрылым басшылары мен облыс әкімі аяқ астынан қызметтен алынған еді. Өңірдегі кадрлық ауыс-түйістен бұрын "ҚазМұнайГаз" басшысы болған Мағзұм Мырзағалиев қызметінен кеткен.
Маңғыстау облысы Онды ауылының тұрғыны, бұрынғы журналист Жәнібек Қожық Азаттыққа сұхбатында билік облыстағы мұнайшылар ереуілін шеше алмағаны үшін өңір басшысы, күштік құрылым жетекшілері мен "ҚазМұнайГаз" басшысын қызметтен алып, жазалаған болуы ықтимал деп топшылаған.
2022 жылы қаңтарда Қазақстанда сұйылтылған газ бағасының өсуінен басталған наразылықтың аяғы бірнеше қалада тәртіпсіздікке ұласып, ресми ақпарат бойынша, кемінде 238 адам қазаға ұшыраған.
Наразылыққа бастау болған Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың бір литрінің бағасы 50-60 теңгеден 120 теңгеге дейін көтерілген еді.
2022 жылғы 5 қаңтарда президент Тоқаев шұғыл кеңес өткізіп, "сұйылтылған газ бағасы өсіп, халық наразылығы артуына" үкімет, оның ішінде энергетика министрлігі, сонымен бірге "ҚазМұнайГаз" және "Қазақгаз" компанияларын кінәлаған. Сол кезде энергетика министрі болған Мырзағалиев 11 қаңтарда қызметінен босатылған.
ПІКІРЛЕР