Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен телефонмен сөйлесті. Трамп Ресей президенті Владимир Путинге қоңырау шалғаннан кейін бірден Зеленскийге хабарласқан. Трамп пен Зеленскийдің әңгімесі шамамен бір сағатқа созылды деп хабарлады Украина басылымдары.
Зеленский Украинадағы бейбітшілікке жетуге бірге жасайтын қадамдар туралы әңгімелескенін айтты. Сөзінше, Трамппен жақында АҚШ қаржы министрі Скотт Бессентпен болған әңгімені, қауіпсіздік пен экономикалық және ресурстық байланыс бойынша жаңа келісім дайындау мәселелерін талқылаған.
"Украина бәрінен де қатты бейбітшілікті қалайды. Ресей агрессиясын тоқтатып, бейбітшілікке сенімді, ұзақ мерзімге кепіл беру үшін Америкамен бірге жасайтын қадамдарды анықтаймыз. Президент Трамп айтқандай, оны орындайық", – деп жазды Зеленский.
Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Зеленский де Ресей президенті Путин сияқты бейбітшілікті қалайды, "бұл қисынсыз соғысты тоқтататын кез келді" деп жазды.
12 ақпанда The Economist басылымы Зеленскийдің сұхбатын жариялады. Украина президенті онда алдағы Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен және АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлогпен кездесетінін айтты. АҚШ делегациясында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да болады. Зеленскийдің айтуынша, келіссөздегі басты мәселе – Ресеймен бейбітшілік орнаған жағдайда Украинаның қауіпсіздік кепілі туралы болмақ.
Зеленскийдің сөзінше, ол АҚШ-тың соғысты аяқтауға дайын жоспары жоқ екеніне сенімді, өйткені мұндай жоспарды "тек Америка" құрмауы керек, оған Украина да қатысуы керек деп есептейді.
Украина президенті Трамптың "Путин бейбітшілікті қалайды" деген пікіріне келіспеді. Зеленский Ресей 2025 жылы әскерін 12-15 қосымша дивизияға көбейтуге ниетті, болашақта Еуропадағы басқа елдерге шабуыл жасайтынын жоққа шығаруға болмайды деді.
Зеленский Украина НАТО-ға кірмесе немесе НАТО-дан кепілдік алмаса, орыс әскерінің санымен теңестіру үшін өз әскерін екі есе көбейтуге мәжбүр болатынын айтты.
АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет сәрсенбіде Ақ үй Украинаның НАТО-ға қосылғанын Ресей-Украина қақтығысын шешетін басты тетік ретінде қарастырмайды, АҚШ армиясы бұл аймақтағы бейбітшілік кепілінің бір бөлігі болмайды деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР