Парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова Қазақстан "шетел агенті" туралы заң қабылдауы қажет деп біледі. Ол мұны 12 ақпанда мәжілістің жалпы отырысында премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Ирина Смирнова Қазақстан ұлттық мүддесін USAID (АҚШ-тың даму агенттігі) сияқты шетелдік ұйымдар қызметінен қорғауы қажет деп санайды.
"Қазақстанға бұл тәжірибені қолдап, ел азаматтары ақпаратты бағалап, салыстыра алуы үшін оның дереккөзін білетіндей кез келген құрылымды нақты белгілейтін ұлттық заңнама дайындау қажет екеніне сенімдімін. Бұл ретте гуманитарлық және ғылыми ұйымдарға бірқатар ерекшелік белгілеу қажет. Мұндай амал ұлттық мүддені қорғауға мүмкіндік береді, салауатты азаматтық қоғамды қудалауға және оның дамуын бәсеңдетуге апармайды", – деді Смирнова.
Депутат сөзінде Азаттық радиосын да мысалға келтірді. Оның айтуынша, Азаттық сайтында "жаңа мектептер, жолдар салынғаны туралы, жүргізілген реформалар, қазақстандықтардың жеңістері туралы" "бірде-бір материал жоқ".
"Тасада тұрып жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың статусын қайта қарайтын және "медиақолдау", "құқық қорғау", "толерантты болуды жетілдіру" дегендердің астына саяси мүддесін жасырған шетелдік донорлармен ойын ережесін қайта жазатын уақыт келді. Мұндай мәселеге тап болғанда оларға заң қабылдау арқылы қарсы тұратын мысал әлемде аз емес", – деді депутат.
Смирнова "шетел агенті" туралы заң Израильде, Қытайда, Австралияда, Ұлыбританияда, Францияда, АҚШ-та бар деді.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда шетелден қаржыланатын 200-ге жуық үкіметтік емес ұйым бар, оның 70 пайызы АҚШ-тан алады. Үкіметтің ресми дерегінше, Қазақстанда 165 түрлі донордан грант беріледі, олардың ішінде 53-і – халықаралық ұйымдар, 31-і – шетелдік мемлекеттік ұйымдар, 81-і – шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар.
Смирнованың сөзінше, қолдауды көбіне бұқаралық ақпарат құралдары мен сөз бостандығы, мақсатты топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, демократия мен азаматтық қоғамды дамыту, либерал реформалар, толеранттылық пен азаматтық белсенділікті арттыру саласындағы жобалар алады. "Мамандардың өзі деструктивті күшке түспеуге бізге ыңғайлы ресурстар қайда екенін және қай жерде абай болу керек екенін біле алмайды" деді ол. Смирнованың сөзінше, бұл шындық айтуға тыйым салу емес, мұндай заң "тырнақша ішіндегі шындыққа кім ақша төлегенін білу үшін қажет".
Депутат Смирнова "қазақстандықтар өзге біреулердің ойынында қуыршақ болғанды қаламайды" деді.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы – негізгі кеңесі Чехияның Прага қаласында орналасқан медиа компания. Сөз бостандығы шектелген 23 елде 27 тілде хабар таратады. Медиакорпорация АҚШ Конргесінің грантымен қаржыландырылады. Бюджеті USAGM арқылы бөлінеді.
ПІКІРЛЕР