Трамп Путинмен Сауд Арабиясында кездеспекші

АҚШ президенті Дональд Трамп. Вашингтон, 10 ақпан, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Сауд Арабиясында кездесетінін хабарлады.

"Бірінші кездесудің күні әлі белгіленген жоқ, бірақ бұл өте ұзаққа созылмайды", – деді Трамп журналистерге Ақ үйдегі жұмыс кабинетінде.

Трамптың сөзіне қарағанда, кейін ол Ресейге, ал Путин АҚШ-қа баруы мүмкін. АҚШ президенті Украинаға сапар туралы "бұл туралы ойлайтын едім" деді. Айтуынша, өзі де, Путин мен Украина президенті Владимир Зеленский де бейбітшілікті қалайды.

Брифинг алдында Трамп Путинмен Украинадағы қақтығысты реттеу жайлы сөйлескен. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, әңгіме бір жарым сағатқа созылған.

Кейін Трамп Зеленскийге қоңырау шалған. Трамп екі әңгімені де "керемет" деп атады.

Былтыр желтоқсанда Трамптың Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хабарласқанын ілік еткен кей сарапшы кездесу Астанада өтуі де мүмкін деп айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Путин мен Зеленскийге телефон шалды. Не талқылады?