Трамп Путин мен Зеленскийге телефон шалды. Не талқылады?

АҚШ президенті Дональд Трамп (ортада), Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта) және Ресей президенті Владимир Путиннің суреттерінен коллаж.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинге және Украина президенті Владимир Зеленскийге телефон соғып, соғысқа тоқтау салатын бейбітшілік келіссөзін бастау жайын талқылағанын айтты.

ТРАМП ПЕН ПУТИННІҢ ӘҢГІМЕСІ

АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі, 12 ақпан күні таңертең Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлескенін Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

"Біз Украинаны, Таяу Шығысты, энергетиканы, жасанды интеллектіні, доллар қауқарын және өзге тақырыптарды талқыладық. Екеуіміз де ұлттарымыздың ұлы тарихы туралы ой қозғадық", – деді президент Трамп.

Оның сөзінше, екі тарап бір-бірінің еліне сапармен бару жайлы келіскен.

"Біз сонымен бірге, тиісті командаларымыз [Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысты реттеу жөнінде] келіссөзге дереу кіріседі және де біз Украина президенті [Владимир] Зеленскийге қоңырау шалып, оған әңгімелескеніміз жайлы айтудан бастаймыз деп келістік, мен дәл қазір солай істемекпін, – деп жазды Трамп.

АҚШ президенті Украина бойынша келіссөзге басшылық етуді мемлекеттік хатшы Марко Рубиоға, Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) директоры Джон Рэтклиффке, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уотцқа және арнайы елші Стив Уиткоффқа тапсырғанын айтты.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ пен Ресей президенттерінің телефон әңгімесі бір жарым сағатқа жуық уақытқа созылды деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Путин Трамптың Вашингтон мен Мәскеу бірлесіп жұмыс істеуі керек деген тұжырымын қолдаған.

Песков Путин Трамптың әскери жанжалды ұзақ мерзімге реттеуге келіссөз арқылы қол жеткізу мүмкін болмақ деген сөзімен келісті деді.

ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ҰСТАНЫМЫ

Трамп Путинмен сөйлескеннен кейін іле-шала Украина президенті Владимир Зеленскийге телефон шалып, екеуі бір сағатқа жуық әңгімелескен.

"Жаңа ғана Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлестім. Өте жақсы әңгіме болды. Ол да, президент Путин сияқты, БЕЙБІТШІЛІКТІ бекіткісі келеді. Біз соғысқа байланысты көп тақырыпты, бірақ негізінен жұма күні Мюнхенде ұйымдастырылатын кездесу жайын талқыладық, оған делегацияны вице-президент Дж. Д. Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастап барады. Бұл кездесудің нәтижесі жақсы болады деп үміттенем. Жаппай ешкімге керексіз ӨЛІМ мен БҮЛІНШІЛІК әкелген бұл қисынсыз соғысты аяқтайтын уақыт жетті. Ресей мен Украинаның халқын Құдай қолдасын!", – деп жазды АҚШ президенті. Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Зеленский Трамппен бейбітшілікке жету жолында АҚШ пен Украина бірге жасайтын қадамдар жайлы әңгімелескенін айтты. Сөзінше, екеуі жақында АҚШ қаржы министрі Скотт Бессентпен болған әңгімені, қауіпсіздік пен экономикалық және ресурстық байланыс бойынша жаңа келісім дайындау мәселелерін талқылаған.

"Украина бәрінен де бейбітшілікті қатты қалайды. Ресей агрессиясын тоқтатып, бейбітшілікке сенімді, ұзақ мерзімге кепіл беру үшін Америкамен бірге жасайтын қадамдарды анықтаймыз. Президент Трамп айтқандай, оны орындайық", – деп жазды Зеленский.

Your browser doesn’t support HTML5

Трамптың өкілі Киевке келмек. Ресейдің әскери аэродромына шабуыл

12 ақпанда The Economist басылымы жариялаған сұхбатында Зеленский Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен және АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлогпен кездесетінін айтты. Зеленскийдің айтуынша, келіссөздегі басты мәселе – Ресеймен бейбітшілік орнаған жағдайда Украинаның қауіпсіздік кепілі туралы болмақ.

Украина президенті АҚШ-тың соғысты аяқтауға дайын жоспары жоқ екеніне сенімді екенін айтқан. Өйткені ондай жоспарды "тек Америка" құрмауы керек, оған Украина да қатысуы керек деп есептейді ол.

Трамптың "Путин бейбітшілікті қалайды" деген пікіріне Зеленский келіспеді. Ресей 2025 жылы армиясын ұлғайтып, 12-15 дивизия жаңадан қосуға ниетті, болашақта Еуропадағы басқа елдерге шабуыл жасайтынын жоққа шығаруға болмайды деді Украина басшысы.

Зеленский Украина НАТО-ға кірмесе немесе НАТО-дан кепілдік алмаса, өз әскерін орыс әскерінің санымен теңестіру үшін екі есе көбейтуге мәжбүр болатынын айтты.

ПЕНТАГОН БАСШЫСЫНЫҢ ПІКІРІ

12 ақпанда АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Ақ үй Украинаның НАТО-ға қосылғанын Ресей-Украина қақтығысын шешетін басты тетік ретінде қарастырмайды, АҚШ армиясы бұл аймақтағы бейбітшілік кепілінің бір бөлігі болмайды деп мәлімдеген.

Пентагон басшысы бұған қоса Украинаның 2014 жылғы шекарасын қалпына келтіріп, Ресей аннексиялап алған Қырым түбегін қайтару мақсатын "мүмкін емес" нәрсе деп атаған. Ол мұны сәрсенбі күні НАТО-ның Брюссельдегі штаб-пәтерінде Украинаға одақтас елдер өкілдерінің кездесуінде айтты. Бұл жиынға Ресей басқыншылығына қарсы күресіп жатқан Украинаны қолдайтын 50-ге жуық елдің өкілдері қатысты.

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет НАТО штаб-пәтеріндегі кездесуде сөйлеп отыр. Брюссель, 12 ақпан, 2025 жыл.

"Біз де, сіздер сияқты, Украинаға бейбітшілік пен гүлденуін тілейміз. Бірақ Украинаның 2014 жылға дейінгі шекарасын қайтару мақсаты мүмкін емес екенін түсінген жөн. Ондай сағым мақсаттың соңынан ілессек тек соғыс пен қайғы-қасіретті ұзартамыз", – деген Хегсет.

Ол Киев пен Мәскеу бейбітшілікке қандай шартпен қол жеткізсе де, АҚШ өз әскерін Украина жеріне орналастырмайды деп мәлімдеген.

Хегсеттің пікірінше, АҚШ-тың НАТО бойынша одақтастар елдері Еуропадағы қауіпсіздікке жауапкершілікті өздеріне көбірек алуы керек. Украинаның қауіпсіздігіне кепілдікті НАТО аясында емес, сол елдің аумағында орналастыруға болатын бітімгершілік миссиясы құрамындағы "еуропалық және еуропалық емес әскер" қамтамасыз етуі керек деп есептейді Пентагон басшысы.

Содан бір күн бұрын Украина президенті Владимир Зеленский британдық the Guardian басылымына берген сұхбатында, егер Ресеймен келіссөз болса, Мәскеуге Украина қарулы күштері бақылауға алған Ресейге тиесілі аумақтарды (Курск облысын меңзеп) қазір Украинаның оңтүстігі мен шығысында Ресей армиясы басып алған жерлерге айырбастауды ұсынуы мүмкін екенін айтқан. Бұған қоса ол Киев соғысты тоқтату үшін Украинаның қауіпсіздігіне Еуропа ғана емес, АҚШ та кепіл болуы керек деген. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей Украинамен ешқашандай жер алмаспайды деп мәлімдеген.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолтц NBC телеарнасына сұхбатында Трамп әкімшілігі соғыс аяқталғанын қалайды, алайда Украинаның қауіпсіздігіне Еуропа кепілдік беруі керек деп айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина майданында да, саясатында да тартыс күшейді. Жағдай қалай ушықты?