Тоқаев: Украина мен Ресей келіссөзі Қазақстанға пайдасын тигізеді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Ресей, 26 желтоқсан, 2024 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина мен Ресей арасындағы келіссөз Қазақстанға пайдасын тигізеді деп санайды. Ол Астана бұл келіссөзді "мейлінше қолдайды" деді.

"Қазір Украина жөнінде көп айтылып жатыр. Біз алғашқы кезден бастап осы соғысты міндетті түрде тоқтату керек, дипломатиялық келіссөздер арқылы бір мәмілеге келу қажет деп айттық. Бұл ұстанымымыз енді шындыққа айналды. Екі алпауыт ел саяси сұхбат жүргізе бастады. Бұл – жақсы үрдіс", – деді Тоқаев 13 ақпанда Астанадағы "Жұмысшы мамандықтар қаласы" фестивалінде.

12 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинге және Украина президенті Владимир Зеленскийге телефон соғып, соғысқа тоқтау салатын бейбітшілік келіссөзін бастау жайын талқылағанын айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев неліктен "Ресей жеңілмейді" деп санайды? Соғыс қазақстандықтардың Мәскеу жайлы пікірін қалай өзгертті?

Тоқаев бұған дейін Ресей-Украина соғысы туралы пікір білдіргенде "Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық" деп мәлімдеген.

"Бұл – Ресейдің әскери әлеуеті, президент Путин жүргізіп отырған саясатты халқының қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт", – деді ол былтыр қазанда Астанадағы Think Tank форумында.

Тоқаев Астана Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның "ақылға қонымды жоспарларын" қолдайды деп мәлімдеген.

2022 жылы маусымда Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Путиннің көзінше Қазақстан Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарының "тәуелсіздігін мойындамайтынын" ашық айтқан еді.

Былтыр желтоқсанда Трамптың Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хабарласқанын ілік еткен кей сарапшы кездесу Астанада өтуі де мүмкін деп айтқан. Бірақ 12 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Сауд Арабиясында кездесуі мүмкін екенін хабарлады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зеленский: Украина НАТО-ға қосылмаса, әскерді екі есе көбейтуге тура келеді