Өзбекстан шағын АЭС салуға халықаралық консорциум құрмақшы

"Өзатом" мен "Росатом" өкілдері Өзбекстандағы шағын атом электр станциясының құрылыс алаңында тұр. Жызақ облысы, 26 маусым, 2024 жыл.

Өзбекстанда шағын атом электр станциясын салу үшін халықаралық консорциум құрылады. Бұл туралы осы елдің атом энергиясы агенттігінің ("Өзатом") басшысы Әзім Ахмедхаджаев мәлімдеді.

2024 жылғы мамырда "Өзатом" жанындағы АЭС құрылысы жөніндегі дирекция мен "Атомстройэкспорт" компаниясы (ресейлік "Росатом" компаниясының инжиниринг бөлімшесі) Жызақ облысында (Тузкан көлі) қуаты шағын АЭС (330 МВт, алты реактордың әрқайсы 55 МВт-тан) салуға келісімшарт жасасқан.

"Өзатом" директоры Әзім Ахмедхаджаевтың "Өзбекстан 24" телеарнасына берген сұхбатына қарағанда, Ташкент қазір бұл жобаға басқа елдерді де тартуға ұмтылып отыр.

"Президент бұл жоба түрлі халықаралық құрылымды тарта отырып, халықаралық сипаты болуға тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл жобада ресейлік технологиялар ғана емес, Қытайдың ядролық емес технологиялары, сондай-ақ Еуропаның түрлі аппарат кешені де қолданылады. Осылай бұл жобаны барынша тиімді және озық технологиялармен іске асыруға мүмкіндік беретін халықаралық консорциум жасаймыз", – деді Әзім Ахмедхаджаев.

Былтыр ресми Ташкент елдегі шағын АЭС-ті қаржыландыруға шетел банктерін тарту жоспары барын мәлімдеген.

Өзбекстан шағын АЭС-ті Ресеймен бірге салуға ниетті деген жаңалыққа жергілікті белсенділер қарсы болды. Жұрт бұл жоба Кремльдің қолындағы Өзбекстанға қарсы "бопсалау қаруына" айналуы мүмкін деп алаңдаған.

Өзбекстандағы АҚШ елшісі Джонатан Хеник ел билігін бірінші атом станциясының техникалық серіктесін таңдауда "абай болуға" шақырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия АЭС жобалары арқылы Ресейді "дипломатиялық құрсаудан" қалай шығарады?