Өзбекстан соты президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары, президент Шавкат Мирзияевтың үлкен қызы Саида Мирзияеваның саясаттағы серігі Комилжон Алламжоновқа жасалған қастандық ісі бойынша айыпталған 10 адамға үкім шығарды. Бұл туралы Өзбекстан Жоғарғы сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот Шухрат Расулов, Шохрух Ахмедов пен Исмаил Жахонгировты 23 жылға бостандығынан айырды. Оңтүстік Кореяда ұсталған кәсіпкер Жавлон Юнусов 18 жарым жылға, ал Ташкент ішкі істер бас басқармасы басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Дониёр Ташходжаев жеті жылға еркіндігінен айырылды. Сот істегі қалған бес айыпкер қанша жылға сотталғанын хабарламады.
Азаттықтың Өзбек қызметінің дерегінше, прокурор Ташходжаевқа тоғыз жыл жаза беруді сұраған. Ол Алламжоновқа қастандық жасау туралы істі тергеуге араласқаны үшін айыпталған. Істегі басқа айыпталушылар қандай бап бойынша сотталғаны белгісіз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Саида Мирзияева Өзбекстанның келесі президенті болуы мүмкін бе?2024 жылғы 26 қазанда, Өзбекстандағы парламент сайлауына бір күн қалғанда Алламжоновтың көлігіне оқ атылған. Алламжонов пен оның жүргізушісі қастандықтан аман қалған. Өзбекстан билігі бұл іске байланысты бірнеше адам ұсталды деп хабарлаған, бірақ ресми тергеу оқиғаның егжей-тегжейін айтпады.
Азаттықтың Өзбек қызметінің дереккөздері Алламжоновқа қастандық ұйымдастырған деген күдікке Шухрат Расулов қалғанын айтқан. Дереккөздер Расулов пен Жавлон Юнусовты Мирзияевтың кенже қызы Шахнозаның күйеуі, президенттің қауіпсіздік қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Отабек Умаровқа жақын адамдар дейді. Ал Түркияда ұсталған Шохрух Ахмедов Жавлон Юнусовтың жүргізушісі болып жұмыс істеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мирзияеваның серігіне қастандық жасалды. Өзбекстанда билік үшін талас бар ма?