Миллиардер Вячеслав Ким тағы бір банкті сатып алуға ниетті

Jusan банктің Алматыдағы ғимараты.

Kaspi.kz акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким Jusan Bank-ті сатып алуға өтініш берді. Миллиардер мәміленің Kaspi компаниясына "қатысы жоқ" деп хабарлады.

"Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Jusan Bank акцияларының 97,5 пайызын сатып алуға өтініш бердім. Қазір оны агенттік қарап жатыр. Агенттік өтінішті егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін шешім қабылдайды деп отыр", – деп жазылған Кимнің 13 ақпанда тараған мәлімдемесінде.

Jusan Bank акцияларының бақылау пакеті қазір банкир Ғалымжан Есеновке тиесілі. Есенов – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын топтың арасында болған Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің бұрынғы күйеу баласы.

Биыл жыл басында Jusan Bank-тің активтері 3,3 триллион теңге болған. Былтыр Forbes Kazakhstan рейтингінде банк активтер көлемі бойынша алтыншы орынды иеленген.

Америкалық Forbes журналының 2024 жылғы рейтингіне сәйкес, Вячеслав Ким – Қазақстандағы ең бай адам, оның байлығы 5,8 млрд доллар деп бағаланған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Jusan bank дауына нүкте қойылды ма? Орталық Азия Батыс пен Қытайдың текетірес алаңына айнала ма?

2023 жылы ақпанда Бас прокуратура Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша Алматыдағы Бостандық аудандық соты "Назарбаев қорына" тиесілі Pioneer Capital Invest компаниясы мен Jusan Technologies Ltd арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сондай-ақ оған қатысы бар ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс қозғағанын хабарлаған.

Ақпанда Jusan Bank-ке иелік еткен Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies ltd мен оның ірі акционері, АҚШ-тың Невада штатында тіркелген Jysan Holding компаниясы Невада штатының федерациялық округі сотына Қазақстан үкіметі мен бірқатар мемлекеттік органның үстінен шағым түсірген. Jysan Holding пен Jusan Technologies шағымда Қазақстан үкіметін "өзінің және үкіметке қатысы бар тұлғалардың жеке бас пайдасына компанияның 1,5 миллиард доллар активін тартып алу үшін қорқытып-үркіту науқанын жүргізді" деп айыптаған.

Тамызда Ғалымжан Есенов және Jusan тобы келісімге келген соң, прокуратура мен Jusan тобы өз шағымдарын соттан қайтарып алды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев өзі құрған қайырымдылық қорлар арқылы қалай байыды?

Bloomberg ақпарат агенттігі мән-жайдан хабары бар дерек көздерге сүйене отырып, Kaspi.kz финтех алпауыты акционерлерінің бірі Вячеслав Ким Jusan төңірегіндегі дауды шешуге көмектесу үшін қаржылай қолдау көрсеткен деп жазған.

Құпия дереккөздердің ақпарат агенттігіне айтуынша, Қазақстан билігі Kaspi төрағасы Вячеслав Кимнен First Heartland Jusan Bank-тің иесін ауыстыруға мүмкіндік беретін процедураға қаржы бөлуді сұраған.

Jusan тобымен мәміле бойынша, бұған дейін банктің миноритар акционері болған Ғалымжан Есенов банкті толығымен бақылауға алған. Оған сондай-ақ Kcell ұялы байланыс операторының 14.87 пайызы өткен. Бұл акцияларға бұған дейін Люксембургте орналасқан, бұрын экс-президент Назарбаев қорына қатысы болған Pioneer Technologies S.A.R.L компаниясы иелік етті. Jusan тобымен дауды реттеу үшін жүздеген миллион доллар қолма-қол ақша төленуі керек болған.

Дереккөздердің айтуынша, Ким Kaspi атынан емес, өз бетінше әрекет еткен. Kaspi-дің ақпарат агенттігіне жолдаған жауабында Ким Есеновтің "жеке кеңес беруді" сұрағанын айтқан, ол Есеновті бұрыннан келе жатқан досы әрі бірлескен қайырымдылық жобаларындағы серіктесі деп көрсеткен.

"Jusan bank төңірегіндегі ахуалды мемлекет пен клиенттердің мүддесіне шешуге көмектескеніме қуаныштымын. Бұл жеке бастамам болатын, Kaspi.kz-ке қатысы жоқ", − деген Ким ақпарат агенттігіне жолдаған жауапта. Ол мәмілеге қатысушы болмағанын, ешқандай пайда көрмегенін айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Байден Орталық Азия басшыларымен не үшін кездеспек? Теңге – "ең әлсіз валюта"