Жемқорлық индексі – 2024. Қазақстан бір ұпай артық алып, 5 орынға көтерілді. Сыры неде?

Қазақстан жемқорлық индексінде 5 саты жоғары көтеріліп, 180 елдің ішінде 88-орынға тұрақтады. Бұл – Transparency International ұйымының 2024 жылға арналған есебі. Қазақстан бұл рейтингіде былтыр 39 балдық көрсеткішпен 93-орында болған. Бұл көрсеткіштің артында қандай өзгерістер тұр. Депутаттар мен сарапшылар, жемқорлықпен күрес қызметінің өкілі бұл туралы не дейді?

"РЕЙТИНГТЕГІ ОРЫННАН ГӨРІ ЖИЫЛҒАН БАЛЛ МАҢЫЗДЫРАҚ"

Қазақстан 5 жыл бұрынғы есепте 34 балмен 113-орында болған. Кейінгі бес жылда рейтингте бірде көтеріліп, бірде құлдилаған.

Transparency International ұйымның Қазақстандағы өкілдігі жаңа индекс жайлы мәлімдеме жасап, "бұл жай ғана рейтинг емес, адамдардың билікке сенімінің көрсеткіші. Тәуелсіз БАҚ, белсенді азаматтық қоғам және әділ сот болмай жемқорлықты жеңу мүмкін емес" деп отыр.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар бастамаларға қарамастан, елде сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары боп тұр. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық деңгейі мемлекет пен азаматтық қоғам тарабынан шешуші шараларды талап ететін күрделі мәселе болып қала беретінін көрсетеді, – деді Transparency International – Kazakhstan ұйымы.

Индекс мемлекеттік сектордағы жемқорлықты талдап шығарылады. Зерттеушілер сарапшылардың, бизнес қауымдастықтың бағалауына сүйенеді. Қарапайым азаматтар пікірі есепке кірмейді. Жемқорлық критерийлері бойынша 13 дереккөзден алынған ақпарат аясында рейтинг түзіледі.

Transparency International – Kazakhstan ұйымының хабарлауынша, Қазақстанның 2024 жылғы рейтингі жемқорлықтың түрлі сипатын қамтитын 9 дереккөзге сүйеніп әзірленген. Ең төмен бағаланғаны – "Атқару, сот және заң шығару билігіндегі коррупция" және "Мемлекет қаражатын мақсатқа сай пайдаланбау және жемқорлық".

Рейтингтегі орыннан гөрі жиылған балл маңыздырақ, 50 балдан төмен алғанның бәрі жемқорлық деңгейі жоғары ел саналады дейді бұл ұйым.

Постсоветтік елдерде бұл межеден 53 балл алған Грузия ғана аса алған.

Ұйымның есебінше, постсоветтік елдер арасында 53 балл алған Грузия алда тұр. Өзге елдер арасында Түркіменстан 16 балл, Ресей 22 балл, Қырғызстан 25 балл және Өзбекстан 32 балл алған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Күштік құрылым басшылары, министрлер, әкімдер. Түрмедегі үкімет мүшелері

ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Жемқорлық рейтингіндегі Қазақстанның орнын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "тарихи көрсеткіш" деп атады. Агенттік мұны жемқорлыққа қарсы кешенді күрес шараларының нәтижесі деп санайды. Антикор төрағасының орынбасары нәтижесімен Қазақстан да, халықаралық қауымдастық та санасады деп санайды.

— Transpаrency International – халықаралық, жеке ұйым. Оның [есебіне] әлемнің кез келген елі мән береді. Әсіресе, ірі жобалармен айналысатын, бизнес жасайтын жетекші корпорациялар. Олар осы индекске не рейтингілерге қарап, қай елге ақша салуға болады, қандай өндіріс ашып, қандай бизнес жүргізуге болады не болмайды дегенді сараптап, өз саясатын жүргізеді. Әрине, ол [индекске] мән беріледі. Бірақ бұл мәселемен біздің орган ғана емес, барлық мемлекеттік органдар айналысады, деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.

Қазақстан мәжілісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды қатаңдатуды қарастырып жатыр. Депутаттар үш кодекс пен бес заңды өзгертіп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулер енгізуді жоспарлап отыр.

Ұсынылған негізгі өзгерістің бірі – пара ұсыну я уәде етуді қылмыстық жауапкершілік ретінде қарастыру. Өзгерісті ұсынған жемқорлыққа қарсы агенттік "бұл – пара алу туралы келісім болғаннан кейін мұны қылмыс ретінде тануға, кейін мемлекетке зиян келтірмей тұрып пара алуды тоқтатуға мүмкіндік береді" деп есептейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Саяси ерік-жігер керек". Қазақстан жемқорлық шырмауынан қайтсе құтылады?

Түзетудің басым бөлігі жемқорлыққа жол берген, мемлекеттік қызметте істейтін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне байланысты. Мысалы, пара алып, заң бұзғандардың мемлекеттік тізімін жасау, олардың мүлік декларацияларын ашық тапсыруы көзделген.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара қабылдамағаны үшін жауапкершілікке тарту тетіктері қарастылырылып жатыр. Бұл заңдар мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Әрі қарай пысықталып жатыр.

Азаттық тілшісі мәжіліс депутаттарынан: "Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық азайып жатыр дегенге сенесіз бе?" деп сұрады. Саясаттанушы, "Аманат" фракциясының депутаты Ерлан Сайыров тағы да ескі Қазақстанды еске алып, бұрынғы билік тұсында президенттің өзі коррупциямен айналысқандықтан, жүйе үшін бұл қалыпты жағдай еді, бірақ 2019 жылдан бері ахуал түзеліп келеді деді. Ал оның әріптесі Ринат Зайытов "Қазақстанда жемқорлық азайды дегенге" сеніңкіремейді. Оның сөзінше, елде коррупцияның жаңа түрлері пайда болған.

Абзал Құспан:

"Түйме ұрласаң соттайды ұрысың деп, түйе ұрласаң мақтайды ірісің деп" деп келетін. Міне бізде осындай жағдай қалыптасып отыр. Қисынсыз жағдай. Сондықтан Антикордың жұмысы не саясаты миллиардтап тонап жатқан, немесе жаңағыдай жүйе құрып қойып, сол арқылы көп қаражат тауып, негізсіз байып жатқан үлкен лауазым иелеріне қарай ойыспаса, онда мұның арты жақсылыққа апармайды.

Ерлан Сайыров:

Қазақстанда 2019 жылға дейінгі протекциямен, коррупциямен мемлекет басшылығының өзі айналысқан. "Балық басынан шіриді" дейді. Мемлекеттің басшылығының өзі зауыттарды, фабрикаларды алып жатқаннан кейін басқа шешім қабылдайтын азаматтар да сондай мәселемен айналысқан. 2019 жылдан кейін қазір билік тазаланып келеді. Тазаланды деп айтуға болады.

Еділ Жаңбыршин:

Жемқорлықпен күресу жүріп жатыр. Бірақ жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Себебі жемқорлық бар. Бізге келіп жатқан әртүрлі өтініштер, арыздар, ел арасында барған уақытта сайлаушылармен кездескен кезде осы мәселелер айтылып жатады. Жемқорлық балабақшадан бастап үкіметке дейін кетіп қалған дейтін әңгіме бар. Енді ұсталып жатқан азаматтарды көріп жатырсыз. Тіпті сот органдарының азаматтары, соттардың өздері ұсталып жатыр. Жақында болған фактілер. Соған қарағанда бұл проблема бізде бар және онымен жүйелі түрде айналысу керек деп ойлаймын.

Азат Перуашев:

Жемқорлық азайып жатыр дегенге келісуге болады. Маған мұндай мәселемен жүгінетіндер азайып жатыр.

Ринат Зайытов:

Бұл жерде проблема мынау 30 жылда қалыптасқан менталитетте ғой: пара беру, ұсақ-түйек параны кез келген адам беріп құтылып кеткісі келеді. Сол сияқты бұл бір күнде өзгеретін нәрсе емес. Бірақ бір жылда бір қадам алға жылжудың өзі әйтеуір жылжу деп қабылдап отырған шығар біздікілер. Ол жағымен де келісуге болады. Жемқорлық азайып жатыр дегенге мен сене қоймаймын, себебі жемқорлықтың басқа түрлері пайда болып жатыр. Криптовалюта арқылы дегендей. Біз оны бақылай алмаймыз ғой. Сосын бұрын жемқорлықпен істі болған адамдар қайта қызметке барып жатыр. Соған қарағанда байқаймын, бұрынғыдай кабинетте ашық-шашық ала беру жойылған шығар. Бірақ оның басқа түрі табылған.

Азаттық Қазақстанның жемқорлық индексіндегі көрсеткіші жайлы "Transparency International – Kazakhstan" қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің мүшесі және Elge Qaitaru қоғамдық қорының басшысы Оразалы Ержановтан сұхбат алды.

– Transparency International ұйымы 2024 жылға арналған Жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 40 балл жинап, 180 елдің арасында 88-орынға көтеріліпті. Мұны қалай бағалайсыз?

– Былтырғы жылмен салыстырғанда Қазақстанның көрсеткіштері көтерілген. Бірақ бұл – мақтанатын нәрсе емес. Барлығы 100 балл болса, 50 балдан төмен алған елдердің бәрінде жемқорлық деңгейі жоғары. Орталық Азиядағы өзге елдермен салыстырғанда Қазақстан шенеуніктері бұл рейтингпен жұмыс істеп үйренген.

– Бұл есепке қарағанда бұрынғы Совет Одағы елдерінің ішінде Қазақстанның алдында тек Грузия ғана тұр. 53 балл алған. Ал Ресей мен Украина төменгі орында. Қазақстанның көрсеткіші Орталық Азиядағы көрші мемлекеттерден көп ілгері екен. Бұл енді қалай сынағанмен де жақсы көрсеткіш емес пе?

– Transparency International-дың Қазақстандағы қорының қамқоршылар кеңесіне мүше болғаныме үшінші жылға кетті. Олардың қалай бағалайтынын іштен білемін ғой. Қорға мені шақырғанға дейін оның басшылығына адамдарды Қазақстанның жемқорлықпен күрес органдары ұсынатын. Солардың ұсынысымен келген адамдар. Олар анау жаққа есеп берген керек нәрсені жазатын. Мен сізге айтып отырғаным сол, біздің шенеуніктер рейтингпен жұмыс істеуді үйренген. Ал елде мына жемқорлықты азайып кетті, төмендеп кетті деп айту қиын. Жол полициясы болсын, баланы балабақшаға орналастыру және мектепке беру болсын, дәрігерге қаралу болсын – бізде, өкінішке қарай, парасыз ештеңе жүрмейді.

– Дегенмен Қазақстанның көрсеткіші бір балға болсын көтерілді ғой. Бұл Қазақстандағы цифрландыру жұмысының ықпалы емес пе? Мысалы бұрынғыдай жеке адам құжат жасату үшін бір адамның алдына бармай, құжаттарын үйде смартфонмен-ақ жасай береді.

– Мүмкін. Бұған келісемін. Іс жүзінде Қазақстан цифрландыру жағынан көршілерімізге қарағанда біраз алға озды. Кезінде Ресейден де озып кеткенбіз. Қазір бірақ олар да істеп жатыр. Сондықтан оның ықпалы болуы керек. Қазір құжаттарды үйде шықпай өзгертуге болады. Ол жағында жетістіктер бар.